«Отандық лифт қызметіне сұраныс қайткенде артады?»

08.04.2022

Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі лифттердің отандық өндірісін дамытуды қолдауда. Ал сала мамандары елімізде үш мыңнан аса лифт шығара алатынына және лифт жабдықтарына деген негізгі қажеттіліктерді дербес өтейтініне сенімді. Жыл сайын республика бойынша бес мыңнан аса лифт импортталса, қолданыстағы отандық өндіріске деген тұтынушылық сұраныс тек жиырма пайызын ғана құрайды екен. Қазіргі таңда халық пайдалануындағы алты мыңнан аса лифттің қызмет көрсету деңгейі аяқталуға жақын. Аталған мәселеге орай еліміздегі көп қабатты ғимараттар мен тұрғын үйлерде орнатылған секундына бірнеше метрлік жылдамдықта қозғалатын жедел сатының бүгінгі жай-күйі төңірегінде Қазақстан ұлттық лифттер қауымдастығының президенті, «Аманат» партиясының депутаты Ержан ИГІБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік. Толығырақ

– Ержан Мінімханұлы, әңгіме­мізді қауымдастықтың құрылу кезеңі мен негізгі атқарылар ісінен бастасақ.

– «Қазақстанның ұлттық лифттер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі өзін-өзі реттейтін ұйым ретінде, 2016 жылғы 19 қыркүйекте құрылған. 2017 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аккредиттеуден өткендігі туралы куәлік берді.

Қауымдастық сол кездері Инвестициялар және даму ми­нистрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің тізілімінде тіркеліп, еліміздің элеватор саласында­ғы алғашқы өзін-өзі реттейтін ұйым болып қалыптасты. Сонымен қатар «Қазақстан машина жасау одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің толыққанды мүшесі.

Негізгі қызметіміз еліміздегі лифт саласын дамытуға, жетілдіру­ге және біріздендіруге тиісті жұмыстарды жүргізіп, сонымен қатар қауымдастық мүшелерінің мемлекеттік заң шығару органдары алдында өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорға бағытталға­ның айтқым келеді. Сондай-ақ қауымдастыққа мүшелік ететін еліміздегі табысты лифт шығаратын зауыттар, монтаждау және қызмет көрсету компанияларындағы тех­никалық мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруда олардың істері жүйелі жүруіне жан-жақты қолдау көрсетеміз.

– Лифт саласын дамытудағы іскер­лік байланыстар мен мамандардың біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар қалай жүзеге асырылады?

– Сапалы қызмет көрсетуде қауым­дастық мүшелері үшін сапаны бақылау жүйесі әзірленді. Әр тоқсан сайын лифттердің қауіпсіздігі жөнінде мониторингтік бақылау жүзеге асырылады. Оңтүстік Кореяның LGS Elevator Korea Co., Ltd лифт компаниясымен еліміздің лифт саласын дамытудағы ынтымақтастық аясында меморандумға қол қойылған. Мамандар аталған мемлекетпен тәжірибе алмасып тұрады. Бұдан бөлек KAZNIS-пен екі жақты келісім бойынша мамандарымыз жобалық-сметалық бағдарламаларға лифттер мен эскалаторларды енгізуге, оның ішінде импорттық жабдықтың бағасын индекстеу мәселесі жөнінде тәуелсіз кеңесші ретінде қатысады. «Қазақстанның энергетикалық аудиторлар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің элеватор өнеркәсібін және энергия үнемдейтін элеваторларды дамытуда еліміздің лифт өнеркәсібі мен экологиялық таза технологияларды жетілдіруде Ұлттық кәсіби экологиялық аудиторлар палатасымен ынтымақтастық әрі бірлескен қызметтері негізінде келісімдер бар.

Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беретін орта оқу орындарының түлектері үшін тағылымнамадан өтуіне әрі жұмыспен қамтамасыз етуіне жәрдемдесу туралы «Аманат» партиясымен бірлескен келісім­шарт құрылған. ҰБТ-дан шекті балл жинай алмағандар біздің салада еңбек етуіне өз қызығушылықтарын білдіріп жатса, оларды жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Тағы бір тоқталар жайт, осыдан біраз уақыт бұрын министрліктің бастамасымен еліміздегі лифт өнеркәсібі қайта қалпына келтіріліп, мүгедектер үшін лифттер, эскалаторлар, траволаторлар мен көтергіштер жаңа құралдармен жабдықталып пайдалануға берілген болатын.

– Халық үшін атқарылып жатқан игі істеріңіз көңілге қонымды. Десек те кей кездері лифт жұмысына тұрғындар өз наразылықтарын білдіріп жатады. Жалпы лифтің қызмет көрсету мерзімінің ұзақтығы неше жыл болуы керек. Бүгінгі күні құрылысы аяқталуға таянған  бірнеше қабатты ғимараттарға жедел саты орнату үшін сұраныс қаншалықты, бағасы қолжетімді ме?

– Лифтердің стандартты қыз­мет ету мерзімі негізінен 25 жыл. Олардың істен шықпай, үздіксіз жұмыс істеулері үшін ай сайын сервистік компанияның мамандары жоспарлы тексеруден өткізіп, жылына бір рет техникалық сараптама жүргізулері тиіс. Ал мерзімі аяқталуға жақын лифт қызметін 2 жылға ғана ұзартуға болады. Осыдан кейін лифт қауіпті техникалық құрылғы ретінде жаңа жабдыққа ауыстырылуы немесе жаңартылуы қажет. Пәтер иелерінің қауымдастығы мен тұрғындардың өздері ереженің сақталуын қадағалап отыруы керек. Ал сіз сұрап отырған 1 лифтінің орташа құны 10 млн теңге маңайында. Лифт жабдықтарына сұраныс жыл сайын 10%-ға артып келеді. Өндірушілерге маңызды преференциялар алуға мүмкіндік беретін «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасына сәйкес, лифт жабдығы енгізілген. Бүгінгі таңда елімізде лифт жабдықтарын өндіретін 3 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде «AUXE» Ақмола элеватор құрылысы зауыты, «LGS KAZAKHSTAN ELEVATOR CROUP» және «Алматылифт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Дегенмен, бәсекеге қабілетті бағалар мен шетелдік өндірушілердің трансферттік технологияларымен кепілдендірілген жабдық сапасына қарамастан, зауыт­тардың өндірістік қуаттылығы толық жүктелмеген.

Салаға мемлекеттік қолдау көр­сетілсе, отандық өндіріс жылына 3200 элеваторға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берер еді. Бүгінгі күнге дейін лифт өнеркәсібінің негізгі проблемаларының бірі нарық субъектілері үшін нормативтік-техникалық базаның (ұлттық стан­дарттар) болмауы әсерінен на­рықта ешбір жауапкершілігі жоқ, өздеріне ыңғайлап құрған ережелерге сәйкес қызмет көрсететін жосықсыз сервистік және монтаждау лифт компаниялары бірінен кейін бірі пайда болды. Артынша министрлікке қарасты Техникалық реттеу және метрология комитеті қол қойған жаңа ұлттық стандарт жарыққа шығып, лифт ұйымдарына қызмет көрсету, оларды орнату, сонымен қатар лифт жабдық­тарын жеткізушілерге біліктілікке қойылатын талаптар белгіленді.

– Қазіргі таңда тұрғындар лифт­тердің техникалық жағдайы мен сервистік компаниялардың қызмет көрсету деңгейі көңілге қонымсыздығын айтуда. Оған не себеп, кәсіби техникалық төзімділігі жағынан лифттерге арналған негізгі нормативтік құжаттарда көрсетілген талаптардың орындалмауынан ба әлде мамандардың біліктілік деңгейінің төмендігінен бе? Өзіңіз айтқандай кейбір жосықсыз қызмет көрсету компаниялары белгіленген техникалық стандартты елемей, соның салдарынан төтенше жағдай туғызып жатырғаны жасырын емес. Аталған жайттарға байланысты пікіріңіз­ді білсек?

– Бұл ретте лифттің өзі қауіпсіз құрылғы екенін атап өткім келеді. Бірақ оған уақытында қызмет көрсетіліп, дұрыс пайдаланылған жағдайда ғана. Жоғарыда аталған стандарт бірінші кезекте лифтілерді пайдаланатын адамдардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету үшін құрылған. Қызмет көрсететін компаниялар ел аумағына қандай лифттерді әкелу керектігін және оны білікті мамандармен толықтырып, лифт жабдықтарын жиі тексеруді, сонымен қатар сертификатына жете мән берілуі тиіс. Бүгінгі күні біздің негізгі міндетіміз, еліміздегі тозығы жеткен немесе ауыстыруды талап етіп отырған жаңартылатын лифттердің санын анықтау, нарықта техникалық базасы жоқ лифттерге қызмет көрсетуде және монтаждауда өз кәсібін дөң­гелетіп отырған жосықсыз жеке кәсіпкерлердің алған рұқсаттары мен мамандардың біліктілігіне бақылау жүргіз шеңберінде болып отыр. Лифт өнеркәсібінде нормативтік-құқықтық базанын жоқтығы ең бір өзекті мәселенің бірі екендігі ескеріліп, осы жайтты жан-жақты қарастыру үстіндеміз. Әдеттегідей, лифттерді пайдалану кезінде тұрғындардың қауіпсіздігі міндетті түрде қадағаланады және оның қызмет көрсету сапасына ерекше мән беріледі. Қазіргі таңда қауымдастық қатары жылдан жылға кеңейіп, ұйым мүшелерінің қызметі мен жұмысына қоғамның сенім артып отырғаны жұмысымызды ілгерлетуге мүмкіндік беруде.Лифттерді жаңарту барысында LGS Kazakhstan Elevator Group брендінің отандық лифтілері пайдалануда. Үстіміздегі жылы оңтүстік мегаполистегі 300-ден астам ескірген лифтіні ауыстыру жоспарланған болатын. Қала билігі КСК-ға лифттерді техникалық қызметтен өткізуге тек сертификаты бар ұйымдар­мен келісімшарт жасауды ескер­тіп отыр. Біздің жұмысымыз қолданыстағы заңнаманы сараптап, оны жетілдіруде және лифттерді күтіп-ұстау бойынша ағымдағы ақпараттармен қамтып, лифт шаруашылығының инфрақұрылымын іске асыруда мемлекеттік органдарға көмектесу арқылы еліміздегі лифт бизнесінің инфрақұрылымын жақсартуға не­гізделген.

– Отандық лифттердің сапасы алыс-жақын шет мемлекеттен әкелі­нетін лифттерге бәсекелес бола ала ма?

– Қалай айтсақ та елімізден шығатын лифттердің сапа жағынан шетелдік бәсекелестерден кем түспесе де отандық құрылыс салушылар оларды өз нысандарына орнатуға құлшыныс танытпай келеді. Сондықтан мемлекет лифт саласын дамытып, оларға деген сұранысты арттыру қажет. Клиенттерге дайын өнімді шетелден сатып алу тиімді, ал бөлшектері қымбат, сол үшін жергілікті компаниялар лифттерді елімізде өндіруге негіз жоқ деп отыр. Бұл отандық өндірушілердің экономикалық қолайсыз жағдайында екендігін ескеруіміз керек. Өкініш­ке орай жергілікті нарықта толық өндірістік цикл үшін қажетті кейбір керекті құрамдас бөлік­тер тапшы. Атап айтқанда элеваторды құрастыруға арналған негізгі қондырғылар басқа елдерден келсе, пайдаланылған бөлшектер мен тораптардың 40 пайызға жуығы негізінен Қытай мен Корея елдерінен әкелінеді. 

Қазіргі уақытта Қазақстан­, Ресей және Беларусь өнді­рісіндегі лифттердің құны шамамен бірдей.  Дәл бүгін біздің элеватор шығаратын зауыттарымыздың тек 10-20 пайызы ғана жұмыс істеп тұр. Орташа есеппен бір отандық зауыт толығымен іске қосылса, жылына 500-ге жуық лифт шығаруға болады. Инвестициялар және даму министрлігінің No255 бұйрығына сәйкес, мемлекеттік қаражат есе­бінен салынып жатқан тұрғын үй нысандарына жергілікті өндірістің материалдары мен жабдықтары қолданылса белгіленген ісіміз аяқсыз қалмай жұмыс жанданар еді . Бірақ бір өкініштісі бұл құжат іс жүзінде жүзеге аспай келеді. Құрылысты жүргізу кезінде әлі күнге дейін беларусь пен қытай өндірген лифттер қолданыста. Сондықтан осы бұйрықтың орындалуы тікелей біздің министрлік тарапынан бақылауға алынуы тиіс. Жобалаушылардың сметасына Қазақстанда жасалған лифттерді сатып алуды енгізу керек. Министрлік қолдау көрсетсе, отандық өндірісті дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз деп ойлаймын. Олай болса, облыс және қала әкімдіктері тарапынан бюджеттік тұрғын үй құрылысын жүргізу кезінде отандық лифттерді пайдалануын қамтамасыз етулері  қажет.